Абаш мәдениеті немесе Абашев мәдениеті — қола дәуірінде (б.з.б. 2-мыңжылдықтың 2-жартысында) орманды-далалы Дон және Еділ бойларынан бастап Оңтүстік Оралға дейінгі кең алқаптарда қоныстанған тайпалардан қалған археологиялық ескерткіштердің ортақ ғылыми атауы.Қ 18 «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия / Бас ред. Ә. Нысанбаев. — Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. — 720 бет. ISBN 5-89800-123-9
Мамандар ескерткіш түрлерінің молдығын және олардың сан түрлі күрделілігін ескере отырып «Абаш мәдени-тарихи қауымдастығы» деген қосымша термин де қолданады. Алғаш 1920 жылы Чувашияда В.Ф. Смолин ашты. Сол уақыттан бастап ғалымдар (О.А. Кривцова-Гракова, М.С. Акимова, А.Х. Халиков, И.Я. Мерперт, К.В. Сальников, А.П. Смирнов, А.Д. Пряхин, т.б.) жүйелі түрде зерттеп келеді.
Негізгі деректер ірі зираттар мен қоныстардан табылған. Еділ-Дон, Орта Еділ, Орал нұсқалары тайпалардың шаруашылығында мал бағу кәсібі үстем болғанын, одан төмендеу деңгейде егіншілік, металлургия мен металл өңдеу ісі де жақсы дамығанын көрсетеді. Тайпалар қоныстары негізінен мүйістерде орналасқан. Олар – уақытша тұрақтар, ірі қыстаулар және металл балқыту мен өңдеу кәсіптері дамыған өндірістік кешендер.
Жақсы зерттелген үлкен зираттар (Абашево, Пикшик, Тауышкасы, Виловатов-2, т.б.) дөңгелек не дөңес пішіндес топырақ обалардан тұрады. Түбіне қайың қабығы төселіп, қабырғалары аракідік ағаш кесінділерімен шегенделген, топырақ қабірлерге мүрделер тізесін бүгіп, шалқасынан жатқызылған, жанына қыш ыдыстар, шақпақтастан істелген қырғыштар, мыс пышақтар, балықшы құралдары секілді бұйымдар қойылған. Көп кездесетін мал сүйектері абаштықтардың сиыр, қой, шошқа және жылқы ұстағанын көрсетеді.
Абаш қышы — түбі тегіс не дөңес келген, үшкір қабырғалы және пішіні төңкерілген қоңырауға ұқсас ыдыстар; «қалбыр» үлгісіндегі қарапайым көзелер; түбі дөңес, бүйірі шығыңқылау, ернеуі сыртқа қайрылған ыдыстар. Оюлысы да, оюсызы да кездеседі. Негізгі ою түрлері – сызу немесе дайын қалыппен басу арқылы түсірілген толқынды көлденең және көлбеу тік ойықтар.
Қазба барысында қола балта, найза ұштары, қанжар сияқты қару-жарақ бұйымдары, көптеген тұрмыстық заттар табылды. Бұл кезеңге жататын ескерткіштер ішінен Орта Еділ нұсқасына тән жақсы безендірілген әйел киімі табылды. Киімде мыс пен қоладан жасалған көптеген әшекей түрлерімен ерекше безендірілген әйелдің бас киімі, білезіктер мен бұрама жүзіктер, басқа да түрлі бұйымдар бар.Сальников К.В., Абашевская культура на Южном Урале. СА. 1954, №21;Абашевская культура в среднем Поволжье, МИА, №97, М., 1961;Пряхин А.Д., Абашевская культура в Подонье, Воронеж, 1976;соныкі, Погребальные Абашевские памятники, Воронеж, 1977;Горбунов В.С., Абашевская культура Южного Урала, Уфа, 1986.
Дереккөздер
Санат:Башқұртстан тарихы Санат:Еуропаның археологиялық мәдениеттері Санат:Азияның археологиялық мәдениеттері Санат:Қола дәуірінің Еуропасы Санат:Қола дәуірінің Азиясы Санат:Үнді-Еуропа халықтары Санат:Тарихи Ресейге дейін Санат:Калуга облысы тарихы Санат:Чувашия тарихы Санат:Воронеж облысы тарихы