Жылыой ауданы — Атырау облысының шығысында орналасқан әкімшілік бөлініс. 1928 жылы құрылған. Аудан орталығы батыр әрі бидің атымен аталған Құлсары қаласы. Жер аумағы 29,4 мың км². Тұрғыны 86,4 мың адам, орташа тығыздығы 1 км²-ге 2,9 адамнан келеді (2023). Алғашқыда Жылқосы (Жилокосинский), кейіннен Ембі ауданы, 1993 жылдан Жылыой ауданы аталған. Облыстар әкімшілікке бөлінбей тұрып бұл мекен "Маңғыстау ойы" аталған.
Этимологиясы
Атырау облысына қарасты Жылыой ауданы атауына қатысты зерттеулерге назар аударсақ, дұрысында Жылой болу керек. Атау сумен байланысты. Өзінің географиялық орналасу жағына қарай аталса керек, ал «жылы» сөзінің «ой» сөзімен еш қатысы жоқ екен. Көнетүркі сөздігінде жыл сөзі: «йул – бұлақ, ағын, йулак – бұлақ» делінген. Сонымен, Жылой топонимі «бірнеше су көздері бар ой» мағынасында қараған жөн.
Географиясы Солтүстік-шығысында Мақат ауданымен, батысында Атырау қаласымен, шығысында Ақтөбе облысының Байғанин ауданымен, оңтүстігінде Маңғыстау облысының Бейнеу ауданымен шектеседі. Аудан аумағындағы 23 елді мекен, 1 қалалық, 6 ауылдық әкімшілік округке біріктірілген. Аудан орталығы – Құлсары қаласы. Аудан жерінің басым бөлігін Каспий маңы ойпатының шығыс бөлігі алып жатыр. Ақтолағай қырқасы адырлы, шоқылы келеді. Оңтүстік жағында ауданның ең биік жері – Желтау (221 м) тауы орналасқан. Каспий маңы ойпатының беті жазық әрі теңізге қарай еңіс болып келеді. Оның солтүстік жағын сорлар, оңтүстістігін Қарақұм құмы алып жатыр. Аудан жерінің теңіз деңгейінен биіктігі шығыстан батысқа қарай 221 м-ден –26 м-ге дейін аласарады.
Өзендері мен көлдері Ауданның жер беті сулары Каспий теңізінің шығыс жақ айдынынан, Жем өзені сағасының теңізге жетпей жоғалатын төменгі ағысынан және жазда қарасуларға бөлініп қалатын Жақсы Қарасай, Жаман Қарасай өзендері мен Бартылдақты, Маше, Ақкөл, Бейбіт, Қамыскөл, т.б. тұзды көлдерден тұрады. Ауданның теңізге жақын бөлігінде сор топырақ, басқа жағында сортаңды қоңыр құм, құмдақ және саздақ топырақ тараған.
Әкімшілік бөлінісі Аудандағы 10 елді мекен 1 қалалық, 1 кенттік әкімдік пен 5 ауылдық округке біріктірілген: Әкімшілік бірлік Орталығы Елді мекендері Халқы (2021) Ақкиізтоғай ауылдық округі Ақкиізтоғай ауылы 1 1454 Жаңа Қаратон кенттік әкімдігі Жаңа Қаратон кенті 1 6966 Жем ауылдық округі Тұрғызба ауылы 3 3441 Қараарна ауылдық округі Шоқпартоғай ауылы 1 3110 Қосшағыл ауылдық округі Қосшағыл ауылы 2 4200 Құлсары қалалық әкімдігі Құлсары қаласы 1 64458 Майкөмген ауылдық округі Майкөмген ауылы 1 1279
Ірі елді мекендері Атауы Статусы Халқы (2021) Құлсары қала 64458 Жаңа Қаратон кент 6966 Қосшағыл ауыл 4049 Тұрғызба ауыл 3397 Шоқпартоғай ауыл 3110 Ақкиізтоғай ауыл 1454 Майкөмген ауыл 1279
Халқы 1939 1959 1970 1979 1989 1999 2009 2023 23707 29186 38637 34575 80126 57052 70156 86367
Жылыой ауданының қысқаша тарихы Жылыой ауданы 1928 жылы 6 мамырда Қазақ Орталық Атқару Комитетінің қаулысымен құрылған. Ауданның қазіргі аумағында Кеңес өкіметі орнағанға дейін Орал губерниясының Гурьев уезіне қараған бірнеше болысы болған. Осы өңірді мекендеген ел Орынборға дейін жаз жайлауға көшіп барып жүрген. Бірақ 1868 ж. патша үкіметінің әкімшілік реформасы, губерниялар мен ояздардың (уездердің) құрылуы халықты ол мүмкіндіктен айырды. Ол кезде 200 үй бір болысқа бірігетін еді. Егер үй саны 200-ден кем болса, ол басқа болысқа қосылып отырған. Казақстан мұнайы тарихындағы бірінші мұнай бұрқағы 1899 Аққұдық аулынан солт.-батысқа қарай 12 км жердегі Қарашүңгіл ұңғысынан атқылады. 1922 ж. Кеңестердің Гурьев уездік съезі құжаттарында Жылыой ауданы туралы сөз айтылады. Сол жылдарда ауданда Ақбас, Жаршық, Жылыой, Карабайлы, Қарашығыр болыстары болған. Аудан аз уақыттан кейін таратылады да, болыстар оязға тікелей бағынады. 1928 жылғы 6 мамырда Қазақстан Орталық Атқару Комитетінін (КазЦИК) 3- сессиясы құрамына Ембі, Ембі—Атырау, Ақжал болыстары кірген Жылқосы (Жило-Косинский) ауданын құру туралы Президиумның қаулысын бекітеді. thumb|солға|200px|Құлсары. 1990 жылдар Аудан орталығы 1938 жылға дейін Жылыой (Қаңбақты, 1873 ж. іргесі қаланған) кенті, 1938-1954 жж. аудан орталығы Қосшағыл кенті болды. 1954 жылы аудан орталығы Құлсары кентіне көшірілді.Атырау: Энциклопедия. -Алматы: Атамұра, 2000 Сол кезде ауданда тұрған 21261 адам (1928) негізінен мал шаруашылығымен шұғылданды.
Жылыойда балық кәсіпшілігі болды. Кейін 4 балық ұжымшары құрылады. 1928 ж. жұтта мал саны өте азайып кетеді; бірақ тез өскен мал басы 1932 ж. 18 250-ге (оның ішінде 2083 жылқы, 4366 сиыр малы, 5259 қой, 6373 түйе), ал 1940 ж. тек қойдың өзі 50 мыңға жетеді. 30-жылдары ауданда мұнай барлау жұмысы кең көлемде жүргізіліп, 1935 ж. Қосшағыл мұнай кеніші пайдалануға беріліп, аудан өнеркәсіптік дамуға бағыт алды.
XX ғасырдың 50-90 жылдары аудан экономикасы қарқынды дамыды. Мұнай өндіру күрт өсті. Оған Мұнайлы (1948), Қаратон (1949), Кәкімбет (1955), Тереңөзек (1956), Төлес (1958), Тәжіғали (1960), Прорва (1962), Қараарна (1974) мұнай кеніштерінің берілуі ықпал етті. 1954 жылы аудан орталығы Құлсары кентіне көшірілді.
80-жылдардың ортасынан бастап бірегей Теңіз кенішін игеру жұмыстары кеңінен жүргізілді. 60-80 жылдар аралығында «Құлсарымұнайгаз», «Прорвамұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары, «Оңтүстік мұнай барлау канторы», Ұңғыларды күрделі жөндеу канторы мұнай зерттеу, өндірумен шұғылданса, Теңіз кенішін игеруге байланысты «Теңізмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы пайда болды. 80-90 жылдары 3 өндірістік бірлестік («Теңізмұнайгаз», «Теңізмұнайгазқұрылыс», «Теңізэнергоқұрылыс»), 13 трест, ондаған басқармалар жұмыс істеді. Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге бұл мекемелердің көпшілігін қаржыландыру тоқтатылып, кейін 1993 жылы қазақ-американ біріккен «Теңізшевройл» кәсіпорны құрылды.
Климаты Ауданның климаты континенттік, қысы біршама жылы, жазы ыстық. Ауаның орташа температурасы қаңтарда –8,8°С, шілдеде 25,8°С. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 140 – 150 мм аралығында. Желді күндер басым келеді, жазда жел көбінесе батыстан, қыста солтүстік-шығыстан соғады. Климаты қуаң, континенттік, жазы ыстық, қысы суық. Қаңтардың орташа температурасы теңіз жағалауында -8 градус, солтүстігінде -14, кейде -30 градус дейін аязды күндер болады. Шілденің орташа температурасы +22-24 градус аралығында. Жауын-шашынның орташа мөлшері 150-200 мм, ал булану мөлшері 1000 мм-ге жуық. Жер рельефінің ерекшелігі – оның ойпатты, жазық болуында. Жер бетінің биіктігі теңізге қарай көлбейлене, кеми береді.
Өсімдіктер пен жануарлар дүниесі Аудан көлемі негізінен шөл-шөлейт зонасына жататындықтан ылғалы аз, жері ащы, сорлы жерлерге тән өсімдіктер өседі.
Негізгі аймақта өсетін өсімдіктер -жусан және жусан тұқымдастары, сорлы, ащы жерлерде өсетін бұйырғын, ебелек, көкпек, жантақ, итсигек, адыраспан, құмды жерлдерде –еркек шөп, шағыр, қияқ т.б.өседі. Қыратты, үстіртті жерлерде жусаннан басқа изен, теріскен, баз, селеу т.б.аралас шығады. Көктемде ылғалды жылдары мортық, қоңырбас, сіңбірік, мысыққұйрық т.б.шөптер шығады. Көлдерде, су шайған жерлерде қоға, қамыс, бидайық т.б.шабындық шөптер өседі. Каспий теңізіне жақын жерлерде мырзасораң, балықкөз, дәнді қара, қаңбақ, түйеқарын сияқты ащы шөптер өседі.
Аудан аймағындағы жануарлар дүниесінде негізінен кемірушілер мен бауырмен жорғалаушылардың үлесі басым. Аудан көлемінде мұнай-газ кендерінің қарқынды игерілуінің нәтижесінде жануарлар дүниесінің таралу кеңістігі жылдан-жылға тарылуда, түрі, саны азаюда, киік, қарақұйрық, қабан сияқты ірі түрлері жойылуға жақын. Аудан жерінде кездесетін негізгі жануарлар: қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, күзен т.б., құстардан қаз, үйрек, аққу т.б.Жылыой жылнамасы,Энциклопедиялық жинақ, «Өлке» баспасы, 2008 ISBN 9965-742-49-9
Пайдалы қазбалары thumb|right|200px|Прорва мұнай кен орныЖылыой ауданы – Қазақстандағы ең ірі мұнай өндіретін аудан. Мұнда мұнай өндіру өнеркәсібі тұңғыш рет 1899 жылы Қарашүңгіл деп аталатын қоныстағы №7 ұңғымадан Қазақстандағы тұңғыш мұнай атқылауы басталды. Қазір мұнай (және газ) Теңіз, Құлсары, Прорва, Королев, Сарықамыс, Қаратон кендерінен өндіріледі. Теңіз кенінде мұнай мен газ өңдейтін өте ірі мұнай-газ өңдеу зауыты жұмыс істейді.
Басты кен байлығы – мұнай мен газ. Аудан жерінің қойнауында 40-қа жуық көмірсутек кен орындары бар және олардың жалпы қоры (2,5 млрд т) бойынша республикада 1-орын алады. Ең ірі кен орындары: Теңіз, Қырықмылтық, Королев, Прорва, Қаратон, Ақінген, Сарықамыс және Каспий теңізіндегі Шығыс Қашаған.
Жол қатынастары Аудан жерімен Мақат – Құлсары – Бейнеу темір жолы, Атырау – Қосшағыл – Сарықамыс және Мақат – Құлсары – Қосшағыл автомобиль жолдары, Құлсары – Прорва – Сарықамыс, Сарықамыс – Теңіз мұнай құбырлары, Бұхара – Орталық газ құбыры, Өзен – Атырау – Самара мұнай құбыры өтеді. Елді мекендер мен шаруашылық салаларын сумен қамтамасыз етуде Мақат – Қосшағыл, Қосшағыл – Қаратон – Сарықамыс, Құлсары – Прорва, Қосшағыл-Мұнайлы су құбырлары мен Қиғаш – Атырау – Құлсары – Өзен магистральдық су құбырының маңызы зор. Кең көлемде жол қатынасы жүйесінде Құлсары темір жол станциясы, №11 жол дистанциясы, 2 сигнал және байланыс дистанциясы, Орта Азиядан, Теңіз кенішінен келетін газды жөнелтетін Құлсары компрессор станциясы (ЛПУ), Өзен - Атырау - Самара мұнай құбырын айдайтын Құлсары мұнай құбырлары басқармасы, «Теңізавтокөлік», «Казпетротранс» ЖШС қызмет етеді. Аудан жерінен Атырау-Маңғыстау темір жолы, Доссор-Құлсары-Бейнеу тас жолы өтеді.
Ауыл шаруашылығы және өндірісі Қараңыз:Жылыой кентінде балық кәсіпшілігінің дамуы (1900-1915 жж.)
Ауыл шаруашылығына жарамды жері 2,21 млн га, оның ішінде тың жер 2,2 мың га, егістігі 534 га, шабындығы 17,1 мың га, жайылымы 2,18 млн га. Ауыл шаруашылығымен айналысатын 244 шаруа қожалығы және «Жаңа таң» ЖШС бар. Аудан бойынша барлық шаруашылықтарда 15819 мүйізді ірі қара, 87138 бас қой-ешкі, 5132 бас жылқы, 7654 бас түйе, 3492 дана құс өсіріледі.
Өндірісі негізінен: мұнай және газ өндіру саласы. 2009 жылдың 1-ші қаңтарындағы есеп бойынша аудан жылына 19028,8 мың тонна мұнай, 8995,6 млн.куб.м газ өндіреді. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы аудандағы ірі кәсіпорындарға «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ, «Бақай» корпорациясы, «НСС» ЖШС, «Теңізмұнайқұрылыс» ЖШС, «КОССК» ЖШС, «Атырау-Жарық» ЖШС, «Казкомсервис», «АБТ-ЛТД», «Мако», «Транс», «Олжа» ЖШС-тері т.б. жатады. Ауданда 4354 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның ішінде 549-і заңды тұлғалар, 244-і шаруа қожалықтары, 3561-і жеке кәсіпкерлер.
Әлеуметтік нысандары thumb|right|200px|Жылыой аудандық орталық емханасы Бүгінде 21 мектеп, 5 балабақша, Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжі, Құлсары гуманитарлық-техникалық колледжі, 2 балалар мен жасөспірімдер мектебі, 1 өнер, 2 саз мектебі, 1 жас техниктер станциясы, 3 аурухана, 2 емхана, 1 аудандық өлкетану мұражайы, орталықтанған кітапхана мен 16 бөлімшесі, «Мереке» кинотеатры, 2 мұнайшылар клубы қызмет етеді.
Бұқаралық ақпарат құралдары әртүрлі атпен 1933 жылдан бері шығатын «Кең Жылыой», 2002 жылдан апталық «Көкжиек-Горизонт», 2003 жылдан «Құлсары» газеттері шығады.
Аудан көлеміндегі мешіттер Құлсары кентінің мешіті. Мешіт аумағы үшін 666 шаршы метр жер бөлініп, 1995 жылы салынып, пайдалануға берілген және сол жылдың 4 наурызында тіркеуден өткен. 9 бөлмеден тұрады. Орталық жылу жүйесі арқылы жылытылады және орталық газ жүйесіне қосылған. Ауыз су мен дәрет алып жуынатын су үшін шарбақ ішіне құдық орналастырған, оған қажет кезінде машинамен су құйылып тұрылады.