Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, шын есімі – Ғабдулғани (12 сәуір 1899, Павлодар уезі, Семей облысы – 31 қаңтар, 1964, Мәскеу) — ресейлік және кеңестік геолог, минералогия ғылымдарының докторы, профессор, академик.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – Қазақ КСР Ғылым Академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі, Кеңес Одағы мен Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтың тұңғыш академигі. Ол Қазақстандағы ғылыми және техникалық дамудың көшбасшысы болды. Қазақтан шыққан тұңғыш ғылым докторы, Шығыс елдерінің ғалымдары арасында ғылым мен техника саласындағы КСРО алғашқы академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының және Қазақстандағы Ленин сыйлығының бірінші иегері болды.
Жезқазған-Ұлытау ауданының жер қойнауын барлауы үшін Ленин орденімен марапатталды (1940). 1942 жылы геология-минералогия ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. «Жезқазған ауданының кен орындары» еңбегі үшін екінші дәрежелі Сталин сыйлығына ие болды (1942). КСРО Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі (1943). «Қазақ КСР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер» (1943). Тыл ресурстарын жұмылдыруға қосқан үлесі үшін екінші Ленин ордені мен ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды (1945). Қазақстан ҒА тың және тыңайған жерлерді игеруге қосқан үлесі үшін үшінші Ленин орденін алды (1957). Орталық Қазақстанның кешенді металлогеникалық болжамдық карталарын әзірлеуі үшін Ленин сыйлығын жеңіп алды (1958). Қазақстанның геологиялық ғылымын дамытуға және пайдалы қазбаларды зерттеуге сіңірген еңбегі үшін төртінші Ленин орденімен марапатталды (1963).
1924 жылы 25 жасында ғалым қазақ орта мектептерінің оқушылары үшін араб графикасында «Алгебра» оқулығын дайындады, бұл кітап математикалық білім берудің негізін қалады.
Оның есімі бүгінде ғылыми институттарда, университеттерде және көшелерде мәңгілікке қалдырылған.
Қаныш Сәтбаевтың туған күні 12 сәуір Қазақстанда Ғылым қызметкерлерінің күні ретінде бекітілді.
Өмірбаяны Балалық шағы және білім алуы Қаныш Имантайұлы 1899 жылдың 12 сәуірінде қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында (бұрынғы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Ақкелін болысы) Имантай бидің отбасында дүниеге келді. Нәрестеге - Ғабдул-Ғани деген есім берілді. Үлкен ұлы Ғабдул-Ғазизді еркелетіп Бөкеш деген сияқты, Ғабдул-Ғаниын да анасы Әлима "Ғаниым, Ғанышым" деп атаған. Бала облыстық мектепке барғанда журналға есімі Қаныш болып жазылып кеткен. Арғын тайпасы Сүйіндік руы Қаржас бөлімінен шыққанhttps://adebiportal.kz/upload/iblock/444/4441c0b93a6e7e908b363b7e87f7a6e6.pdf.
Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым, кейін Шорман ауылында орналасқан мектепке қатынай бастайды. Төрт жылдық бағдарламаны үш жылда аяқтайды.
1911 жылдан бастап Павлодардағы 2-сыныпты орыс-қазақ училищесіне аттанады. Аталған білім ордасын мерзімінен бір жыл бұрын бітіріп шығады.
Одан кейін оның өмірінде немере ағасы, орыс филологиясының оқытушысы А.З. Сәтбаев (1937 жылы ол атылады) басқарған Семей мұғалімдер семинариясындағы кезең басталады. Семей қаласында Қаныш Сәтбаев Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовпен, демократ ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровпен кездескен, ал Мұхтар Әуезов және Әлкей Марғұланмен бірге оқыған. Семинарияда атақты ағайынды-өлкетанушы Белослюдовтар, ерлі-зайыпты ағартушылар – Назипа және Нұрғали Құлжановтар сабақ берді.
1914 жылы Семей мұғалімдер семинариясына түсіп, оны төрт жылда аяқтап, бастауыш мектептерге орыс тілінен сабақ беруге құқық беретін куәлікке ие болады.
1918 жылдың күзінде Земство басқармасының қаржысымен Алаш қалашағында ашылған, ауылдық қазақ мектептері үшін мұғалім болудан еңбек жолын бастайды. Курс бастығы - Троицк медресесін тәмамдаған Мәннан Тұрғанбаев, оқу ісінің меңгерушісі Павлодарда және Семейде өзімен сыныптас - Жүсіпбек Аймауытов.
1919 жылы қатты ауырып, ауруханаға түседі. Ауруханада емдеген дәрігер С.Н. Разумовский науқасқа бұдан былай Семейде қалуға болмайтындығын айтты. Жас талаптың денсаулығы сыр бергендіктен, диплом алу үшін емтиханды мерзімінен бұрын тапсырады.
1920-1921 жылдары Сәтбаев туған өлкесіне оралып, асқынған туберкулез дертінен қымыз ішіп емделеді. Осы кездерде ол Шәрипа Омаровға үйленіп, ол некеден Ханиса атты қызды болады. Болашақта Ханиса Қанышқызы медицина ғылымдарының докторы, С.Н. Асфандияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеттің құрметті профессоры, Қазақ ССР ғылымға еңбек сіңірген қайраткері.
Томск технология институты Томск технология институтының математика факультетіне оқуға дайындала бастайды. Оқуға түсу үшін математика мен ағылшын тілінен емтихан тапсыруы керек болатын. Осы мақсатта Томск университетінің математика факультетін бітірген Семейде еңбек ететін Ғарифолла Нығметулиннен қыс бойы математика пәні бойынша қосымша сабақ алады. 1921 жылы Сібір технологиялық институтының студенті, кейін тұңғыш қазақ математика профессоры Әлімхан Ермековтің арқасында жас Қаныш томскілік геология профессоры, болашақ академик М.А. Усовпен кездеседі. Бұл кездесудің Қаныш тағдырындағы мәні зор.
Қаныш, Сібір технологиялық институтының студенті бола жүріп, өзінің өмірлік мұратына айналған жолды таңдайды. Соғыс зардаптарынан күйреген қаланың өмірі жаңадан қалпына келе бастаған кезде, қоғамда азық-түлік, отын және киім сияқты негізгі қажеттіліктердің тапшылығы сезіледі. Осындай ауыр кезеңде Қаныш М. Усовтың қамқорлығын көре отырып, ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынас әке мен ұл арасындағы туыстық қатынас сияқты жылылық пен сыйластыққа толы болады. Қаныш Томскіде ауыр науқас болған кезде, Усов оны жұбайымен бірге өз үйіне көшіп келуге көндіреді. Осы кезеңде Қаныш Таисиямен танысады, ол кейінірек технологиялық институттың тау-кен факультетінде оған серік болады.
Таисия Қанышқа әйелі, досы және одақтасы ретінде қолдау көрсетеді. Бұл қарым-қатынастың нәтижесінде екі қыз дүниеге келеді. Үлкен қызы, Мейіз Қанышқызы, ата-анасының ізін қуып, геолог мамандығын таңдайды және осы салада ғылым докторы атанады. Алайда, екінші қызы Марияш, 12 жасында дүниеден озады.
Ашаршылық кезеңде 1930-шы жылдары Қазақстанда болған жаппай ашаршылық - қазақ даласының тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Бұл кезеңде көптеген ауылдар қаңырап, халық басынан асқан қиындықтар өткерді. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев осы қасіретті жылдары елдің қиын жағдайына бей-жай қарамады. Ол, өзі басқарған бөлімдегі жұмысшылар саны мыңға жеткен кезде, аштықтан зардап шеккендерге көмек көрсету қажеттігін түсінді және осы бағытта іс-қимыл жасады.
Әпкесінің ауылына кездейсоқ барған кезінде Қ. Сәтбаев киіз үйлерде аштықтан көз жұмған адамдарды көріп, шалажансар балаларды кһреді. Арасында өз жиендері де болатын. Бұл жағдай қатты толғандырады және ол бұл балалардың барлығын өз қамқорлығына алуға шешім қабылдайды. Олардың қамқорлығына алынғандардың бірі, Кемал Ақышев кейіннен белгілі археолог ғалым болып шықты. Ол ғылым докторы атанып, Алматы маңында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде әлемге әйгілі "Алтын адамды" табуға үлес қосқан.
Жезқазғандағы қызметі 1926 жылы Қ.И. Сәтбаев Томск технологиялық институтын табысты аяқтап, тау-кен инженер-геологы дипломын иеленген қазақтың алғашқы азаматы ретінде халық шаруашылығы Орталық кеңесінің қарамағына жіберіледі. Қаныш әлемдегі ең ірі мыс кен орны Қарсақпайда екендігін дәлелдеу үшін аттай 15 жылын сол жерде өткізеді. Мұнда ол «Атбасцветмет» трестінің геология бөлімін басқарды. Оның құрамына Қарағанды көмір бассейні, Успенский мыс руднигі, Спасск мыс балқыту зауытын қамтыған Спасск комбинаты мен салынып жатқан Қарсақпай мыс балқыту зауыты, Байқоңыр көмір шахталары, Жезқазған мыс кеніштері мен Қорғасын кен орнынан тұратын Қарсақпай комбинаты кіретін. Келесі жылы (1927 жылы) ол сол тресттің басқарма мүшесі болып сайланды.
Атбасар трестінің қарамағында Карсакпай ауылындағы мыс кен орны және салынып жатқан мыс балқыту зауыты болды. Зауыт құрылысы он жыл бұрын басталған, ағылшындар Қарсақпай аймақты концессияға алып, мыс іздеуге кіріскен. Олар балқыту цехын салып, жабдықтың бір бөлігін орнатқан, бірақ көп мыс таба алмаған. Ақпан төңкерісі басталған кезде ағылшындар зауытты тастап кеткен, кейіннен совет үкіметі оны аяқтауды шешкен. Тресттің бас геологы ретінде Сәтбаев ол жерді тексеру үшін барып, құрылыс жұмыстарының жүрісі туралы білген. Кен орнымен және зауыт басшылығымен айналысқан мамандар аймақтағы мыс өндірісінің даму перспективасына өте скептикалық қарады. Олар, кеннің қоры тек келесі 10-15 жылға жететінін, одан артық еместігін айтты. Дегенмен, Сәтбаев олармен келіспеді. Ол Жезқазған ауданында алдыңғы уақытта анықталмаған үлкен мыс қоры бар деп санады. Геолкомнан бір бұрғылау станогын бөлуін сұрап, аймақта металдың бар-жоғын зерттеуге кірісті. Геолком басшылығы мен Жезказған ауданын жақсы білетін мамандар Сәтбаевтың идеясын сәтсіздікке ұшырайтынына сенімді болды.
Алайда, жұмыстар басталғаннан кейін бір жыл өткен соң, Сәтбаев пласты он метрден асатын үлкен руда кенішіне тап болды. Ленинградта жүргізілген талдау нәтижелері бұл руда кенішінің бұрын белгісіз, мысқа бай екенін көрсетті. Осы жаңалықтың арқасында Сәтбаев 1928 жылы да іздеу жұмыстарын кеңейте алды. Тағы үш ірі кен орындарын анықтаған геолог 1929 жылы зерттеу жұмыстарын екі есе арттырады. Осы жылы тағы үш кен орны және бір жаңа руда алабы ашылды. Бұл жағдайларды ескере отырып, Сәтбаев «Қазақстанның Халық Шаруашылығы» журналында мақала жариялап, Жезказған әлемдегі ең бай мыс провинцияларының бірі екенін, тіпті Американың көптеген провинцияларынан да үлкен екенін мәлімдеді. Өз болжамдарына сүйене отырып, жақын жердегі Қарсақпай зауыты Жезқазғаннан алынған руданың көлемін өңдей алмайтынын айтты. Сондай-ақ, ол аймақта су қоймасын салу және кең жолақты теміржол желісін тарту қажеттігін болжады. Бұл ұсыныстарымен ол жоғарғы органдарға тұрақты түрде жүгініп, баспасөз беттерінде сөз сөйлеп, тіпті аймақтың дамуын КСРО-ның бесжылдық экономикалық даму жоспарына енгізуді ұсынды.
Сәтбаевтың ұсыныстары трест басшылығы мен Геолком тарапынан кері реакция тудырды. Жас геолог ұсынған Жезказған даму жоспарының орнына, олар 1930 жылғы зерттеу жұмыстарының көлемін өзгеріссіз қалдыруды ұсынды. Сәтбаев өз болжамжарының дұрыстығын дәлелдеуге тырысып, өз ұсыныстарын ВСНХ (Всесоюзный совет народного хозяйства)-ның тау-металлургиялық секторының отырысында қарауға қол жеткізді. Ұзақ талқылаулардан кейін ВСНХ Геолкомның пікірімен келісіп, Сәтбаевтың дәлелдерін жеткіліксіз деп тапты. ВСНХ шешімімен келіспеген Қаныш Имантайұлы 1930 жылдың көктемінде КСРО Госплан төрағасы Г. М. Кржижановскийдің қабылдауына түсіп, өз ұсыныстарын негіздеді. Осыдан кейін Жезқазғанға арналған зерттеуге қосымша қаржы, бұрғылау техникасы және мамандар бөлінді. Келесі екі жылда зерттеу жұмыстарының көлемі арта түсті. Сәтбаевты алаңдатқан аймақтағы су тапшылығы мәселесі шешімін тапты: ол келесі, 1933 жылы аймақта су іздеу мақсатында гидрогеологиялық зерттеулерді бастау туралы келісімге қол жеткізді.
1932 жылы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев қазақстандық геология ғылымында маңызды орын алатын «Жезқазған мыс-кен ауданы және оның минералды ресурстары» атты алғашқы ғылыми монографиясын жариялайды. Бұл еңбегінде ол Жезқазған кен орындарының аса бай екендігін ашып көрсетеді. Бұған дейін ағылшын мамандары мен Халық комиссарлары кеңесі жанындағы Геологиялық комитеттің қызметкерлері болжамдағандай, 60 мың тонна емес, айтарлықтай көбірек - 2 миллион тоннадан аса мыс қоры бар екендігін анықтайды. Бұл Қ.И. Сәтбаевтың ғылыми болжамының дәлдігін растайды.