Қойгелді батыр ескерткіші – Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген монументтік өнер ескерткіші.
Орналасқан жері Тараз қаласы, Төле би және Қойгелді батыр атындағы көшелерінің қиылысында орналасқан.
Кезеңі, авторы Ескерткіш 1998 жылы тұрғызылған. Мүсіншісі Ж. Молдабаев, сәулетшісі Б.Тортаев.
Тарихи дерек, сипаты Қойгелді Сартұлы (1702-1795) – қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы күресінің батыры. Ұлы жүздегі белгілі Шахан бидің ұрпағы. Сарттың үлкен ұлы. Төле бидің ең жақын серігі, әрі көмекшісі. Оның даңқының асқақтап шығуы Аңырақай шайқасындағы (1729) жоңғарларды жеңуге байланысты. Қойгелді ойраттарға қарсы азаттық күресіне басшылық етіп, жоңғарлардың қайтадан жасаған шапқыншылығына (1757-58) тойтарыс бере отырып, оларды қазақ даласының шекарасы Жоңғар қақпасына дейін қуып тықты. Жоңғарлардан Ташкент, Шымкент, Түркістан, Сайрам қалаларын, Талас пен Шу өзендерінің алқаптарын азат етті.
Ескерткіште батырдың ат үстінде қолына найза, қылыш және қалқан ұстап тұрған сәті көрсетілген. Мыс аралас құйылған ескерткіштің биіктігі 2,5 м. Биіктігі 3 м жылтыр емес қызыл граниттен жасалған тұғырға қойылған.“Тараз энциклопедиясы”
Дереккөздер
Санат:Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Жамбыл облысы сәулеті Санат:Жамбыл облысы ескерткіштері